forex trading logo

 

ОЙМАҚТЫ ОЙ:

Әбу Нәсір  әл-Фараби

Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.

 

Майқы би

Естіге айтқан ақыл сөз – шыңға тіккен тумен тең,

Ессізге айтқан ақыл сөз – құмға сіңген сумен тең.

 

Төле би Әлібекүлы

Аларды біліп, бермегеннен без,

Ел-жұрты соңына ермегеннен без,

Үйіне қонақ қонбағаннан без,

Көптің айтқанына көнбегеннен без.


mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін61
mod_vvisit_counterКеше292
mod_vvisit_counterОсы аптада61
mod_vvisit_counterӨткен аптада2572
mod_vvisit_counterОсы айда7349
mod_vvisit_counterӨткен айда8075
mod_vvisit_counterБарлығы556299

Казир сайтта: 9
Сіздің адрес 34.231.247.139
,
Күні: 2019-09-23
Қазақтың ақидасы – парасат немесе қазақ дүниетанымындағы Матуриди ақидасының орны

Сөз – Құдіреттің елшісі. Танылып бітпеген нақыл қазақта көп. Соның бірінде «Күн нұры – тары, дін нұры – тау» деген екен даналығы иманға суарылған  халқымыз. Күн нұры түспес көлеңке табиғатта бар болса болар, ал дін нұры түспес қалтарыс жанды-жансыз жаратылыста жоқ. Себебі он сегіз мың ғаламның жаратылуының мәні – діннің нұрын, Хақтың сырын тануда деп пайымдайды қазақы дүниетаным. Дін нұры дүние тіршілігінен тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі әр ісін, әр сөзін, әр дәстүрін, әр ғұрпын нұрландырған хикмет болатын. Қазақтың әрбір мақал-мәтелі, аңыз-әфсанасы, жыр-дастаны, ертегісі, шешендік сөзі, даналық нақылы, тұрмыс-салт өлеңдері – бәрі-бәрі имани құндылықтармен көмкерілген еді. Алласыз сөз сөйлемеген, Алласыз іс бастамаған, бесігін Алла атымен тербеткен, қуанса Алла атымен сүйінші сұраған, «Аллалап» жатып, «Аллалап» тұрған жүрегіне иман тұнған ұлт еді бұл...

Ал қазір...

Діни сенім бостандығын дүнияуи мақсаттарға пайдалану соңы жоқ сана сергелдеңін ала келді. Мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату басталды. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер салдарынан дәстүрлі құндылықтар күйреуге ұшырауда. Діннің жартысын сенім, жартысын ахлақ құндылықтары құрайтынын, таразының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрғанын, иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажеттігін, дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейтінін біз жиі естен шығарудамыз...

Жақын арада бір әріптесіміз қоғамда белең ала бастаған бір ойды өз пікірі ретінде ортаға салды: «Ақида мәселесі қарапайым халықтың шұғылданатын шаруасы емес. Халық діннің қарапайым тәжірибесін білсе болды. Сенім негіздері, Матуриди немесе Әшғари ақидасы дегенді оларға тәптіштеп айтып, талқыға салудың қажеті жоқ. Бұл іспен ислам ғұламалары айналысуы қажет». Дәстүрлі қазақ қоғамының құшағында өскен жанның шымбайына бататын сөз болғандықтан, әріптесімнің арынын қайтарып тастауға тура келді: – Рас, қазақ баласы ғасырлар бойы ақида мәселелерін талдап-таразыламай-ақ «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген қарапайым таныммен мұсылмандық жолын берік ұстанып келді. Өйткені оны қазіргідей ақидасынан адастырып, дінінен аздыруға бағытталған арандатушылар болған жоқ. Дәстүрлі құндылықтар салтанат құрған қоғамда халық біртекті санамен, бірыңғай таныммен өмір сүрді. Рухани құндылықтарды реттеуші имани тәрбие институттары мызғымай қызмет атқарып тұрды. Ал қазір сол құндылықтарды күйретуге ниеттенген күштер ақида мәселесін арнайы ортаға шығарып отыр. Дін қағидаларының иірімдеріне көпшіліктің бойлай бермейтінін пайдаланып, сенім негіздерін бұрмалап түсіндіріп, халықтың дәстүрін дініне қарсы қоюда. Бұл жерде олар «ақида қарапайым халықтың шаруасы емес» деп отырған жоқ. Ақида төңірегінде сауал көтерілген екен, оған жауап берілуі қажет. Біз ескермей тастасақ, оған жауапты сол сауалды туындатушы радикалды ағымдар жетекшілері беретін болады. Сіз сілтеме жасаған ислам ғұламалары да солар болып шыға келеді. Соларды пір тұтар болса, кейінгі қоғамның бет алысын бағамдай беріңіз...

«Көргенімнен көп екен көрмегенім, Бәрінен де жақсы екен өлмегенім» дейді қазақ. Көз тірі болған соң көрген бір хикметіміз ай-күннің аманында ақидамыздан жаңылғанымыз болды. «Біз қазақтар, Әбу Ханифа мазхабын, Матуриди ақидасын ұстанамыз» деп айтудай айтып келеміз. Дін тұтқасы болып отырған имамдарымыз бен исламтанушы мамандарымыз мазхабтың мәнін, ақиданың ара-жігін ажыратып, сындарлы мақалалар жазуда. Діни танымымды дұрыс қалыптастырамын деген адамның өміріне жетерлік өнегелі туындылар аз емес. Дегенмен... біз әлі де өз тілімізде – қара ормандай қабырғалы халықтың дәстүрлі тілінде сөйлей алмай жүрген тәріздіміз.

Әңгімені ақидаға бұрсақ. «Амалдағы мазхабым – ханафи, сенімдегі мазхабым – матуриди» дегенді тілі шыққаннан жаттап өскен қазақ пір тұтқан имам Матуриди кім еді? Ол ең алдымен қазақтың болмысына етене жақын Орта Азия өркениеті тудырған тұлға еді. Ежелгі Азия жерінде жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мәдениет негізінде даңқты Тұран өркениетін қалыптастырған түбі бір түркі жұртының барлық мәдени жетістіктері ортағасырлық Орта Азия өркениетінде жалғасын тапқан болатын. Түркі, араб, парсы мәдениеттерінің тоғысында толысып, олардың үздік жетістіктерін саралап сіңірген, Фарабидей әлемге әйгілі энциклопедист ғалымды дүниеге келтірген ортағасырлық Орта Азия өркениеті кемеліне келген шағында имам Матуриди сынды дін ғұламасын тарих төріне шығарды. Өркениет нәрімен өз топырағында сусындағандықтан да Матуриди ақидасында ұлттық дүниетаным – Орта Азиялық менталитет кеңінен көрініс тапты. Соның нәтижесінде Матуриди ақидасы қасаң қағидаларға емес, ізгі құндылықтарға негізделді. Матуриди ақидасының ерекшелігі саналатын ұстанымдар – Алланың өзі қаласа, күнәларды кешіретіні, адамға өзі көтере алмайтын жүкті артпайтыны, Жаратушының әрбір ісінің себебі мен хикметі барлығы, иман мен исламның бір екендігі, иманның көбеймейтіні және азаймайтыны, адамның жақсы мен жаманды Алла сый еткен ақыл арқылы танитыны – осылардың барлығының негізінде көшпелі өркениет құндылықтарын қоса сіңірген кең өрісті дүниетаным, ашық пікірлі пайымдау, өркениетті таразылау  қабілеті, биік адамсүйгіштік құндылықтар жатыр.

Исламдағы сенім негіздерін тұжырымдаған қос ғұлама имам Матуриди мен имам Әшғаридың ақидадағы көзқарастарында  бірқатар ерекшеліктер болғаны көзі ашық, көкірегі ояу әр мұсылманға белгілі. Теологиялық тереңдікке бармай-ақ Матуриди ұстанымдарының қазақы дүниетанымда қалай дамытылғанына қарапайым қисынмен талдау жасап көрелік.

Имам Матуриди тұжырымдаған сенім негіздері бойынша «Мұсылмансың ба?» немесе «Дінің не?» деген сауалдарға «Әлхамдулла, мұсылманмын» деп жауап беру қажет. «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап беру өз иманына өзі күмән келтіргендік болып саналады. Ал имам  Әшғари  ақидасы бойынша «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап беру жөн саналады. Осы қағиданың қайсысын қазақтың қабылдағанына назар аударып көрелік. Қазақ арасында кеңінен тараған ислам ілімдерінің әліппесі секілді «Имандылық туралы мың сұрақ» атты қолжазба кітап бар. Кітаптың алғашқы тағылымдарының бірі «Мұсылмансың ба?» деген сауалдан басталады. Берілетін жауап: «Әлхамдулла, мұсылманмын». Ары қарай «Қашаннан бері мұсылмансың? Раббың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім? Кітабың не?» деген сауалдар қойылып, берілетін жауаптар: «Әлімсақтан бері мұсылманмын. Раббым Алла, дінім ислам, пайғамбарым Мұхаммед, кітабым Құран» болып жалғаса береді. Қара таныған әр қазақ баласы тұтынып өскен «Иманшарт», «Мұхтасар ғылымхал», «Шар кітап», «Ғибадатул исламия», «Сабатул ажизин», «Түрки иман» секілді кез келген дін кітабы ислами тағылымын осы «Мұсылмансың ба?» деген сауал мен «Әлхамдулла, мұсылманмын» деген жауаптан бастайды. Әліпті таяқ деп білмеген қаймана қазақтың да кез келгені осынау қарапайым қағидаларды көкейіне түйіп өсті. Өйткені ауылдағы қазыналы қарттар тілі шыққаннан немере-шөберелеріне осы қағидаларды үйретті. Соның нәтижесінде «иншалла, мұсылманмын» деп мұсылман болар-болмасын білмей, өз иманына өзі күмәнданып тұратын қазақты бүгінге дейін көзіміз көрген жоқ. «Әлхамдулла («Аллаға мадақ, Аллаға шүкір») мұсылманмын», деп Алланың құлы, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті санатына енгеніне шүкірлік етіп өскен аталарымыз сол ғибратты ұрпақтарына жалғады. Бұл – қазақтың ақидасына адалдығының қарапайым дәлелі.

Имам Матуриди «иман көбеймейді де, азаймайды да» десе, имам Әшғари «иманның азаюы да, көбеюі де мүмкін» деп пайымдайды. Қазақы қисынға келсек, ұлтымызда «иманды» және «имансыз» деген ұғымдар бар. «Иманы аз» немесе «иманы көп» деген ұғым қазақта жоқ. Яғни қазақ үшін иман не бар, не жоқ, ол көбеймейді де, азаймайды да. «Иманы көбейіп қалыпты» немесе «иманы азайған екен» деп сөйлемейді қазақ. Есесіне «иманы күшті», «иманы берік», «діні берік» («дәті берік»), «діні қатты», «иманы әлсіз» деген ұғымдар кездеседі. Осы ұғымдардың кеңінен қолданылуы қазақтың имам Матуриди ақидасына негіз болған «иман кемімейді де артпайды да, оның күшеюі немесе әлсіреуі мүмкін» деген қағидадан ауытқып көрмегенін дәлелдейді. Қазақ зиялыларының бәрі сусындаған, сілтеме жасаған ХVІІ ғасыр ғалымы Сопы Аллаярдың «Сабатул ажизин» кітабында да: «Йақын білгілки, иман болмағай кәм, Ерур бірдек, зияда болмағай һәм» деп, иманның кемімейтіні де артпайтыны, оның біртұтас екендігі айқын көрсетілген. «Уа гар на болмас иман зайиду кам (артық не кем), Ақида бұлдұр, ей, фәрзәнди Адам!» деп, иманның көбеймейтіні және азаймайтыны адамзат баласына ортақ ақида негіздерінің бірінен екені баяндалған.

Имам Матуриди «иман мен ислам бір» десе, имам Әшғари «иман мен ислам екі басқа нәрсе, ислам сеніммен бойұсыну болса, иман – сенімін амалмен дәлелдеу» деп тұжырымдаған. Ал қазақтың «иманды» деген ұғымына назар аударсақ, оның имам Матуриди ақидасының аясында қалыптасқан ұғым екеніне бірден көзіміз жетеді. «Иманды» деп қазақ жүрегінде берік сенімі бар, терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды айтады. «Жүзінен иманы төгілген» деп нұр жүзді жандарға сүйсініп жатады. Мұндайда ол адамның бес уақыт намазын оқитын-оқымайтыны, басқа мұсылманшылық парыздарын өтейтін-өтемейтіні, яғни сенімін амалмен дәлелдейтін-дәлелдемейтіні негізгі өлшем болып саналмайды. Қазақ қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, сенімі берік, ниеті түзу адамның мұсылмандығына шүбә келтірмеген. «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді», деп риякерліктен тыйған. «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа бітеді» деген Абай ақын да осы қисынмен пайымдаған. Ал бес уақыт намазын қаза етпегенімен, өз нәпсісіне ие болмаған адамды көрсе, қазақ оны «имансыз» деп айыптаған. Бұл мұсылманшылық парыздардың ұлтымыз үшін маңызы кем болған дегенді білдірмейді. Атамыз қазақ тек сырт пен іштің бірлігін пір тұтқан, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Содан кейін барып ниет пен амалдың бірлігін өсиет еткен. Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Шалкиіз жырау:

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі бәйтолла,

Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты,

деп, би Темірді қажылық сапарынан  тоқтатты.

Мекке менен Медине жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

Атаң менен анаңды құрметтесең,

Мекке болып табылар үйдің іші,

деген Шал ақын да сол жүректегі иман мен риясыз көңіл ілімін жалғады.

Дін мұсылман баласы

Адамдықтан жерімес,

Тіл мұсылман, қарашы,

Арамдықтан шегінбес,

деген Үмбетей жырау мен:

Мұсылманшылық кімде жоқ,

Тілде бар да, ділде жоқ,

деп назаланған Әбубәкір Кердері қазақтың болмысына біткен жүректегі иманын жоқтады.  Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеді. Ал өзіне дейінгі рухани ілімді сана сүзгісінен өткізген Абай ақын өз «Қарасөздерінде» сырттағы ғибадатты іштегі иманның көлеңкесі дей келіп: «Иман екеу емес, біреу» тұжырымдаған. Абай ұстаз тұтқан Сопы Аллаяр еңбегінде: «Ерур бір мағнада иман-у ислам, Мұны білсә керәк һәр хас, һәр ғам» деп, иман мен исламның мағынасы бір екендігі, оны әрбір адамның да, барша халықтың да білуі қажеттігі айтылады.

Имам Матуридидің ендігі бір көзқарасы бойынша адамның өз ақылымен Алланы тануы, оның бар және бір екенін білуі парыз болып саналады. Біреу уағыз-насихат айтсын-айтпасын, адам Алланы ақылымен тауып, сенуі керек. Ал имам Әшғари ақидасы бойынша адамдар Алланы ақылымен тауып, оған иман келтіруге міндетті емес.

Адамның ақылымен Алланың бар және бір екенін тани алатыны жайындағы ғибрат Құран Кәрімде ай мен күннің, жұлдыздардың шығуы мен батуына қарап, оларды жаратқан бір құдіреттің бар екенін пайымдаған Ибрахим пайғамбар қиссасында баяндалған. Қазаққа келсек, халқымыздың  ұлт болып ұйысуы исламның аясында жүзеге асқаны белгілі, бірақ исламға дейінгі кезеңде қазақтың арғы атасы – түгел түркінің бірқұдайлық дінді ұстанып, Көк Тәңірге – жалғыз Жаратушыға табынғаны Алланы ақылмен танып білгенінің дәлелі десек, артық айтпағанымыз болар. Бәлкім, кейбір замандастарымыз пайымдап жүргендей, «түрікте де Алладан келген пайғамбарлар болған» шығар, ондайда көне дәуірде түскен хақ дінінен жаңылмауы да халқымыздың Алла сый еткен ақыл таразысынан ауытқымағандықтың айғағы деуге болады. Ал дүние тіршілігінің негізі болған табиғатты қастерлеу,  от пен суды қасиеттеу, төрт түліктің піріне сыйыну түркі-қазақтың Тәңірі жаратқан әрбір болмысты киелі де қасиетті санаған бірегей танымының көрінісі болып саналады. Соның нәтижесінде қазақта «обал» және «кие» деген теңдесі жоқ ұғымдар қалыптасты. Сол ұғымдарға негізделген ұстанымдар қазақ халқының иманын шынайы, таза, терең, берік етті. «Көкті жұлма, ақты төкпе, малды теппе, нан қиқымын тастама, суды босқа төкпе, судың да сұрауы бар» секілді қазақтың мың-сан тыйымдарының мәні «обал болады» деген жалғыз ауыз сөзбен түйінделеді. Исламдағы иман, нығмет, шүкіршілік, қанағат, барды бағалау, ысырап етпеу, қиянат жасамау, қияметте сұралу, есеп беру, жаза тарту секілді түсініктердің тоғысар жері де осы – қазақтың «обал болады» деген ұғымының айналасы. Осының бәрін қазақ өз тұрмыс-тіршілігінің нәтижесінде өз ақылымен танып білді. Мал мен жанның, от пен судың, тау мен тастың қадірін қазаққа біреу келіп үйреткен жоқ. «Обал» деген ұғымды да қазақ біреуден алған жоқ. Кәсіпке немесе ілімге үйреткен жандарды халқымыз ұстаз тұтты, пір санады, қастерледі, Жаратушының оларға дарытқан тәлімін киелі деп білді. Киелі саналып, қасиеттелген ілімге береке дарыды, көбейді, елдің игілігіне қызмет етті. Ешкім киеліні қорлауға бата алмады. Қасиеттіге ешкім тіл тигізген жоқ. Сондықтан халық қасиетсіздіктен аулақ болды. Осының барлығының бастауында қазақтың соқыр сенімнен аулақ, парасатқа негізделген ақидасы тұрды. (жалғасы бар)

Айнұр Әбдірәсілқызы

ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен

байланыс және дінтану сараптамасы

басқармасының бастығы, филология

ғылымдарының кандидаты

 

Пікір   

 
#1 Адилет 08.03.2014 05:17
Айнұр ханымның келесі мақаласын күтеміз. Өте түсінікті қылып жазыпты. Осы сияқты кісілер ҚР Дін істері агенттігінде көптеп кездессе, онда дін мәселесі орын-орнына қойылып тыныштық орнайтынына кәміл сенемін. 8 Наурыз мерекелеріңізбе н құрметті апа, ана, әпке, қарындастарым!
Цитат келтіру
 

Пікірді қалдыру


Қорғаныс коды
Жаңарту



Работает на Joomlatemplate. Designed by: joomla templates web hosting Valid XHTML and CSS.