forex trading logo

 

ОЙМАҚТЫ ОЙ:

Әбу Нәсір  әл-Фараби

Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.

 

Майқы би

Естіге айтқан ақыл сөз – шыңға тіккен тумен тең,

Ессізге айтқан ақыл сөз – құмға сіңген сумен тең.

 

Төле би Әлібекүлы

Аларды біліп, бермегеннен без,

Ел-жұрты соңына ермегеннен без,

Үйіне қонақ қонбағаннан без,

Көптің айтқанына көнбегеннен без.


mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін61
mod_vvisit_counterКеше292
mod_vvisit_counterОсы аптада61
mod_vvisit_counterӨткен аптада2572
mod_vvisit_counterОсы айда7349
mod_vvisit_counterӨткен айда8075
mod_vvisit_counterБарлығы556299

Казир сайтта: 9
Сіздің адрес 34.231.247.139
,
Күні: 2019-09-23
Ақылдың ақиқаты

Ислам дінінде адамға аса жоғары баға беріледі. Өйткені, әлемнің тізгінін қолына ұстаған Ұлы Жаратушының негізгі тыңдаушысы адам. Ол – жер бетіндегі сол Ұлы Жаратушыны паш ететін, танытатын теңдессіз өкілі. Сол өкілдігінің мөрі – ақыл. Сол мөр арқылы әлемнің жаратылудағы мақсаты мен зат, құбылыстар арасындағы себептерді зерттей отырып, түбінде әлемнің Иесінің барлығы мен бірлігін танытады. Демек, ақыл – әлемнің қыр-сыры мен өзінің кім-екенін, қайдан келгенін, қайда баратынын, кімнің жаратқанын және де міндеті не екенін білуге құмартқан бір күш. Хазіреті Омар ақыл жайлы былай дейді: «Ақыл екі нәрседен тұрады. 1- Матбу (туа біткен ақыл). 2- Масму (Матбу ақылмен қол жеткізген). Яғни, матбу ақыл адамның бойында болған күш. Масму ақыл осы күштің жетілдірілуі Туа біткен ақыл жайлы Аллаһ Елшісі былай дейді: «Аллаһ ақылдан асқақ нәрсе жаратпаған». Масму ақыл жайлы да: «Адам өзін жамандықтардан бойын аулақ ұстап, тура жолға апарған ақылдан артық ешқандай табыс таппаған».

Шәриф Жүржани ақылдың он түсініктемесін береді. Оның кейбірі: 1. Ақыл – жеке өзі материядан тыс, іс-әрекетте материяға жақын гауһар. Бұл жақындық әркімнің «мен»,– деп түсінік берген жеке адам. 2. Ақыл – Аллаһтың адам денесімен бірге жаратқан рухани гауһары. 3. Ақыл – ақиқат пен жалғанды танитын жүректегі нұр. 4. Ақыл – өзі арқылы заттың ақиқаты білінетін нәрсе.

Құранда ақыл етістігі 49 рет берілген. Бұл аяттардың 22-сі, Мадинада 27-сі Меккеде түскен. Бұл аяттар жартысы Меккедегі сенімсіз халыққа, жартысы да Мадинадағы иман еткен қоғамға бағытталып айтылған. Осы, сөз етістіктермен берілген. Етістік – әрекет пен іс-қыймылды білдіретін сөз. Аллаһ ойлап қараңдар, демейді, ұдайы ойланыңдар, әрқашан саналарыңмен саралаңдар, дейді. Қазақтағы «ақпаған су, ойламаған ми сасиды»,– деген мақалға саяды. Аллаһ меккелік сенімсіздерге әлемге көз салып ойланыңдар, саралаңдар иманға келіңдер десе, мәдиналық жайлы білімдеріңді одан әрі өрбітіңдер, дейді. Негізінде бұл аяттар жалпы адамзатқа айтылғандықтан, бүкіл адамзатты әлемге ойланып зер салып қарауларына шақырады.

Құранда ақыл сөзінің синонимдері де берілген. Олардың кейбірін айта кетейік: 1. «Луб»: өте жоғары ақыл. Әрбір «луб» ақыл, бірақ, әрбір ақыл «луб» емес. Луб – әр нәрсенің өзі мен өзегін білдірсе, адамда жүрекке қойылған ақыл. Қиял мен шек-шүбадан ада, саф, қасиетті нұрмен нұрланған нұрлы ақыл. Құранда мұндай зиялы қауым жайлы былай дейді: «Шексіз, көктер мен жердің жаратылуында және де түн мен күндіздің алмасуында әлбетте, «луб» иелері үшін дәлелдер бар» (Әли Имран 3\190). Нұрлы ақылмен нұрлағандардың бірі Абай атамыз еді. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?!»,– деуі, оның «луб» иесі екенін дәлелі. «Лубке» тағы бір мысал. Мұсылман бір ғалым былай дейді: «Мен бір сапарымда бір христианмен жол серік болдым. Өзі – Хазіреті Исаны Аллаһтың ұлы емес құлы екенін қабыл еткен нағыз таза христиан ғалым болатын. Бір күні түнде қасына бардым. Терең ойға батып үлкен толғаныста отыр екен. Мені көрді де жүрегінің сол терең сырын маған ақтарып салды. «Досым мына көкке қарашы! Неткен ғажап жаратылған. Бәрі де белгілі бір жүйемен орналасқан. Мен кейбір жандарға таңқаламын. Олар осынау әлемде өмір сүріп қалай ғана Ұлы Жаратушының барлығы мен бірлігін білмейді. Мына шексіз құмнан түйенің ізін

көрсең сол жерден түйенің өткенін байқайсың. Бір жерден жазылған кітап көрсең, біреудің жазғанын байқайсың. Ал, мына шексіз әлем Ұлы Жаратушының барлығын ол екеуінен анағұрлым анық етіп, көзге нұқып көрсетіп тұрған жоқ па?! Ол жандар қалай ғана сол Ұлыға иман етпейді»,– деді. Мен оған көптен бері ақиқат дін жайлы қалай айтсам екен, деп, ойға батып жүргенмін. Өйткені, бұл Хазіреті Исаның үмбетінен болған нағыз христиан болатын. Мен оған мына аятты оқыдым: «Аллаһтың көктен жаңбыр жаудырғанын көрмейсің бе? Сол арқылы алуан түрлі жемістер шығардық. Таулардан да ақ, қызыл, қара түрлі-түсті жолдар жасаған. Адамдардан, жан-жануарлардан және ірі жәндіктерден де осыған ұқсас түрде болғандары бар. Құлдарының арасында тек ғалымдар ғана Аллаһтан қатты қорқып (оның ұлылығына қайран қалып) тағзым етеді». Ол таң қалып: «Бұл сөзді Мұхаммед пе? айтқан»,–деді. Мен «жо-жоқ. Оған түскен Құран айтты»,–деп жауап қайтардым. Сонда ол еңсесін көтерді де «күллі әлем маған куә болсын, Мұхаммед – Аллаһтың Елшісі»,–деді. Өйткені, тек ғалымдар ғана әлемді терең біледі. Мұндай жандардың Аллаһқа тағзым етпеулері мүмкін емес. Олар – «луб» иелері.

2. «Фикр» (пікір). Білімді айқындайтын күш. Толғаныс – осы күштің ақыл күші деңгейінде айналуы. Бұл тек адамдарға тән. Толғаныс сонымен қатар жүректе туатын сурет. Сол себепті Аллаһ Елшісі (с.а.с.) «Аллаһтың заты емес, Оның жаратылысы жайлы ойланыңдар»,–деген. Өйткені, адам баласы Ұлы Жаратушы жайлы ешқашан да ойлай алмайды. Оның ол жайлы көз алдына елестеткендерінің бәрі де жаратылған қиял суреттері. Тума көрдің түр-түстің не екені біле алмаса адам баласы бастауы мен соңы жоқ Ұлы Біреу туралы қалай ойлай алмақ. Адамға Оның заты жайлы ойлау – жақсы нәрсе емес. Әлемге қарап Оның сипаттары жайында ойлау дұрыс нәрсе. Сол себепті Пайғамғамбарымыз «бір сағат ойлау – бір жылдық нәпіл ғибадат»,-деген.

Ақыл мен сана. Періштелерде де ақыл бар. Бірақ, оларда ақыл тұрақты. Әр періштенің өз мәртебесі бар. Адам ондай емес. Ол ақылы мен санасын пайдалана отырып, көп нәрсеге қол жеткізіп көкке шыға алады. Бірақ, орнымен пайдаланбаса өзін құзға құлатады. Ақыл Адам атамен басталған. Аллаһ Хазіреті Адамға барлық есімдерді үйретіп періштелерден сол жайлы сұрағанда жауап бере алмайды. Хазіреті Адамнан сұралғанда үйреткен заттың аттарын түгелдей баян етеді. Осылайша Адам ата адамның жаратылыс ішінде ең қадірлі екенін дәлелдейді. Періштелердің Адамға сәжде еттіруінің бір сыры да осы ақылда жатса керек... Өйткені, бір қасиетті хадисте Ұлы Жаратушы «Мен құпия қазына едім. Білінуді қалап, әлемді жараттым»,–дейді.

Барлық пайғамбарлар елін ақиқатқа ақылмен шақырған. Сол себепті дінде зорлық жоқ. Бір нәрсеге сенетін адам, біліп барып сенеді. Хазіреті Адамнан кейін келген Нұх пайғабарды алайық. Ол еліне былай дейді: «Аллаһқа құлшылық етіңдер. Аллаһтың жеті көкті қабат-қабат жаратқанын көрмейсіңдер ме? Оларлардың ішінде айды нұр етіп, күнді шырақ етті»,–дейді. Міне сол заманның адамдарының ақылы қазіргі заманның адамдарынан ешқандай кем болмаған. Нұх елін 950 жыл ақиқат сарайына шақырған. Бірақ, санаулы адамнан басқалары иман етпеген. Оның себебі, ақылын көр еткен. Құран да олар жайлы: «Аллаһ олардың жүректері мен құлақтарына мөр басқан. Көздеріне де перде тұтылған»,–дейді. Яғни, олар әлем ішіндегі ең бағалы саналған сана деген жақұтын жоғалтып алғандар.

Хазіреті Ибраһим пайғамбарды (с.а.) алайық. Ол өзін құдай санаған Бабыл патшасы Намрудпен айтысады. Намруд оған Раббың жайлы дәлел айт, дейді. Ол «Раббым өмір мен өлімді беруші»,–дейді. Ол: «мен де өлтіремін де тірілтемін»,–деп (өлімге бұйырылған біреуді қоя беріп, жазықсыз біреуді өлтіреді). Сонда Ибраһим «Расында Аллаһ күнді шығыстан шығарады, сен оны батыстан шығаршы»,–деді. Сол сәтте кәпір ләм-мим дей алмады». Және барлық пайғамбарлар адам баласын ақыл, сана арқылы өздерін жоқтан жаратқан және де осы шағы мен әрбір іс-қимылын жаратып жатқан Ұлы Жаратушыға тағзым етуге шақырған. Яғни, пайғамбарлар иман арқылы адам санасын да азаттыққа шақырады. Ақиқатты ұға алмай, пұттарды құдай қабыл еткен сана әрқашан қапаста қалмақ. Адам баласы екі жақтан қапаста болады. Бірі дінсіздік, әр түрлі идеялық т.б пікір мен сезімдер арқылы санаға соқыр танымды сіңдіру. Бірін де не айтсаң да сенікі бұрыс, менікі дұрыс, деген өзінен жоғары күштің қысымы. Бірінші топтағылар қапаста екенін көбінесе бұл ғұмырда сезбейді. Екінші топ не сезеді я сезбейді. Сезгендер жоғарының бұрыс дұрыс дей алмай, не болмаса зорлықпен қабыл етіп өмір бақи зіл батпан жүк көтеріп жүргендей азапты күй кешеді. Сезбегендерге келсек жоғарының бұрысын да дұрысын да қабыл етіп бейне бір роботтай күн кешеді. Екеуі де азап. Кейбір жандар қапас та болса да азат өмір сүреді. Кейбір жандар азат болса пікірі бөгденікі болған соң азап өмір кешеді. Ақыл мен сана қастерлі нәрсе. Сананы тұтқындау – иесін жіпсіз зынданға тастау, деген сөз. Қоғам өркендегенмен сана дамымаса ол түбінде апатқа ұшырайды. Бір ел он жыл білімсіз қалса, сана-жанарын шел қаптайды. Бірақ, білімді ел имансыз болса, ол да құрдымға қарай кетпек. Иманды сана әрқашан иесін Ұлы Жаратушыға қарай тартады. Соның өлшемімен іс-әрекет етеді. Имансыз сана иесін құрдымға қарай тартады. Сөзімді Шәкәрімнің мына өлеңімен аяқтағым келеді.

«Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық

Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық

Таза талап талпынып ойды айдаса,

Байқалар көрнеу, таса, жоқ пен барлық.

Азат ақыл ойланбай мида жатса,

Шіріп, тозып тартқызар ол бір зарлық».

Иә, ақыл аса қастерлі нәрсе. Ақыл мен сананы аялайық. Аялау – сананы иман шыңына жетелеуден басталады.

Мұхитдин Исаұлы

 

Пікірді қалдыру


Қорғаныс коды
Жаңарту



Работает на Joomlatemplate. Designed by: joomla templates web hosting Valid XHTML and CSS.