forex trading logo

 

ОЙМАҚТЫ ОЙ:

Әбу Нәсір  әл-Фараби

Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.

 

Майқы би

Естіге айтқан ақыл сөз – шыңға тіккен тумен тең,

Ессізге айтқан ақыл сөз – құмға сіңген сумен тең.

 

Төле би Әлібекүлы

Аларды біліп, бермегеннен без,

Ел-жұрты соңына ермегеннен без,

Үйіне қонақ қонбағаннан без,

Көптің айтқанына көнбегеннен без.


mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін119
mod_vvisit_counterКеше217
mod_vvisit_counterОсы аптада336
mod_vvisit_counterӨткен аптада1830
mod_vvisit_counterОсы айда5019
mod_vvisit_counterӨткен айда7513
mod_vvisit_counterБарлығы545894

Казир сайтта: 7
Сіздің адрес 3.226.251.205
,
Күні: 2019-08-20
ҰЛТТЫҚ-ДІНИ САНА ҚАЛЫПТАСПАЙ РУХАНИ ЖАҢҒЫРА АЛМАЙМЫЗ

ТарМПУ Әлеуметтік-мәдени дамыту орталығының жетекші маманы

Бахтияр Қаржаубайұлы Алпысбаев

«Күйреген рухты қайта көтеру – міне,

қазіргі таңдағы басты мақсат осы!»

Шерхан Мұртаза

Ақиқатын айту керек, қазақ мәдениетін - совет өкіметінің езгісінде болған ел. Өзінің дәстүрлі дүниетанымынан ажырап қалған. Алаш баласының психологиясына, этнографиясына, ұлттық дүниетанымына, тұрмысына, дін ұстану салтына оңалмастай соққы берді. Бірақ аса қатты өкінудің қажеті жоқ. Әліде біздің қорда жатқан рухани тарих тұрғыдан қолжазба қиссаларды, діни дастандарды, батырлар жырларды қазіргі қазақ тіліне бейімдеп және ғылыми айналымға түсіру өзекті жұмыстардың бірі.

Қазақ халқының тарихын зерттеуде материалистік көзқарастың сай келмейтінін ғалым Ж.Артықбаев былай тұжырымдайды: «Біздің байқағанамызыдай, тарихи қазақтанудағы басты кемшілік пен шектеулілік тарихқа бір жақты материалистік тұрғыдан талдау жасауға байланысты болып отыр және ол қоғам мен мемлекеттің тарихилығымен байланысты. Тарихты материалистік тұрғыдан зерттеу евроцентризммен, маркстік методологиялық түсініктермен, тікелей байланысты», [1] – дей келе тарихи таным өзегінде материалдық көрсеткіштер емес, қоғамның рухани және әлеуметтік-мәдени құндылықтар сияқты факторлар айтылуы тиіс. Өйткені қазақ халқы әр кезде өзінің рухани дүниесін, иман-сенімін малынан да, жанынан да артық қойған білеміз.

Осыған орай, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында қазақ халқының рухани тарихына байланысты отандық және шетелдік мұрағаттарды зерттеу жұмыстары жүргізіледі деп сенеміз. Рухани тарихты жоғару оқу орнының білімгерлердің саналарына сіңіру арқылы мемлекетшілдік, ұлтжандылық сезім қалыптасады.

Осы жаhандану дәуіріндегі қазақ халқының болашағы қандай болмақ және сыртқы күштерге қарсы қоятын рухани ауызбіршілігіміз қандай деңгейде? Қазақ елінің өте күшті ұлттық санасы мен біртұтас ұлттық мәдениеті, тілі мен ділінің беріктігі қайда кетті? деген сұрақ соңғы кезде ойландыруда. Оның қайта оратлтудың кілті – ұлттық рухты қайта жаңғырып оянуына басымдық беріп, қолдап отыруда жатыр. [2]

Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған астарлы саясатқа жем болмай, ұлттық-рухани дүниесiн қалыптастыруға көмектесетін ұлттық идеологияны жаңғырту қажеттілігі туып отыр. Ендігі мәселе жастарды тәрбиелеу барысында ұлттық және мемлекетшіл сананың іргетасын қалай қалаймыз?

Біздің қоғамда әсіресе жастар ақша тапсам болды бақытқа жетем деген түсінік қалыптасып кетті. Егер адал жолмен баюға мүмкіндігі болмаса, қара жолмен де ақша табуға мәжбүр болады. Ал ондай жолда жүрген жастар әрине азғындалып, ұсақталып және болашақ өмірі бұлыңғыр болатыны күмәнсіз. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы:

Ақшаға абыройын, арын сатып,

Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.

Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,

Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы?!  Осындай аталы сөздер ғасырлар бойы адамның санасын оятып, жігерлендіріп отырған. Отаншыл, мемлекетшіл ұрпақты тәрбиелей алған елдердің болашағы баянды екендігін әлем тарихы да ұдайы дәлелдеп келеді. Ол үшін тәрбие, насихат және идеология негізінде ең бірінші кезекте қазақ ойшылдардың дін тұрғысындағы ой-пікірлері, ұлттық-діни бірегейлікті, дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау жұмыстарын жаңғырту керек. Мәселен, В. Франкл «Ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің төте жолы жалғыз. Ар-ұятты тоқтаусыз қайрап, егеп, өткірлей берудің жолдарын жастарға үздіксіз үйретуіміз керек. Басқасы бос сөз. Ар-ұят феномені кісіні Тәңірге жалғап тұратын жалғыз көпір» деген идеяны қайталаудан жалықпаған.

Қазақстанның бүгінгі өмірінде ислам факторы үлкен мәнге ие. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін діни радикалды топтардың белсенділігі де алаңдатпай қоймайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, әрине олардың артында басқа бір мүдде мен құндылықтардың тұрғанын естен шығармау керек. Соңғы кездері қоғамда іріткі салып жүрген кейбір діни топтардың пікірлері ешқашан біздің мүддемізге сай келмейтің тұстары да бар. Оларда діни мүддеден гөрі, саяси мүдде басым екендігі соқырға таяқ ұстатқандай анық нәрсе!  Уды у қайтарады демекші оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Идеология – жүректен кіріп, денені бойлай, қан тамырлар арқылы мидың нейрондарына тікелей шабуыл жасайтын, тіпті адамның өзі байқамай қалатын құдіретті қару. Ол адасып бара жатқан сананың нағыз қорғаушысы, сақшысы. [3] Жан тазалығы мен ар түзейтін ғылымына негізделген ұлттық және рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды ғылыми жүйесіне енгізіп кеңінен насихаттау арқылы радикалдық идеологияға тосқауыл қоюға болады. Әрбір адамзат дін арқылы қоғамды түзетемін деп емес, дін арқылы өз жан дүниемді тазартамын деген ниетте болса, сонда ғана қоғамда тұрақтылық болар еді.

«...Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал.

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ» - деп Шәкәрім атамыздың айтылғандай әр адамның өзінің кемелдену шарты болу керек. [4]

Сол үшін қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарды қайтадан қалпына келтірмейінше, рухани тоқыраушылық пен құлдық психологиядан құтқару мүмкін емес. Ә.Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегендей, қазақ халқының ұлттық мінезін қалыптастыруда діннің де, білімнің де  орны ерекше болғандықтан, демек, діни уағызды да, білім беру жүйесін де осы бағыт – қазақтың ұлттық санасына сай  бұратын кез келді деп санаймын.

Қазақтың ұлттық-діни бірегейлікті насихаттаған ойшылдар А.Құнанбай, Ш.Құдайбердіұлы, М.Көпейұлы, Ғ.Қараш, С.Ғылмани қазақ халқының рухани тарихында ұлттық ар-ождан кодексі ролін атқарып, моралдық қағидаларды қалыптастыра білген. Сондықтан, бұл ғалымдардың шығармашылығын қарастырғанда Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Өйткені, діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұшымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Олардың туындыларының негізгі өзегінде ұлттық сана, діни көзқарас, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр деген сөз. Мысалы, Садуақас Ғылмани өз заманының келеңсіздіктерін де сынай білген:

Обал сауап аты өшті,

Ұятсыз қаулап жан кешті.

Ары да жоқ, тілеу жоқ,

Гулеген өңкей жарым есті.

Ал, кеңестік кезеңде жыраулар поэзиясы жан-жақты зерттелгенімен тәуелсіздік идеясы, өзге идеологияға қарсы күрес мәселесі зерттеу обьектісіне енген жоқ. Жыраулар қазақтың басынан өткен небір кезеңдердегі әртүрлі тарихи оқиғаларды, тәуелсіз, еркін ел болуды армандағаны ұлттық идеологияға тікелей қатысы бар әдебиет, сөз өнері болды. Ұлттан тыс тұратын әдебиет жоқ, сол әдебиетті жасаушылардың бірі-жыраулар болса, ұлттық рух пен сананың негізін олар толғауларында анық көрсете білген. Сонымен қатар, Шәді Жәңгірұлының 400 беттен тұратын «Назым Сияри Шәріп» еңбегі пайғамбардың өнегелі өмірін қазақ жұртына қазақтың құнарлы тілінде сөйлетті. 1914 жылы Ташкентте жарық көрген бұл еңбек он жыл ішінде Қазан қаласында төрт-бес рет қайта басылып, қалың елге кеңінен таралып рухани шөлді қандыра білген. Шәді Жәңгірұлының өзінің замана толғауында:

«...Бабалар салған сара жол

Имам – Ағзам мәсһабы,

Халқымның салт – дәстүрін

Шариғатпен ұштады.

Асыл текті Аталар

Дінін берік ұстады,

Аманат етіп ұрпаққа

Тура жолды нұсқады.

Арада жылдар өткенде

Қатты батты жаныма,

Замананың қыспағы

Ата жолдан адастық.

Осы емей немене

Бастан бақтың ұшқаны,

Жолын таппай шатасып

Халқым кетті адасып...». [5] Демек, тәрбиенің тиімді болуы үлгі-өнеге көрсететін адамдардың беделіне де байланысты. Бедел өте ықпалды рухани құбылыс екендігінде О. Сүлейменов: «Жырау – халық жыршысы ғана емес, ол дана иде­олог. Бұл адамдарды ұлы тұлғалардың соңынан еруге үндей алатын жау­ынгер жыршы» және ф.ғ.к. Ғабит Тұяқбаев "Жыраулар - түрлі деңгейдегі ұлт -азаттық көтерілістердің рухани көсемі болды" -деген болатын.

Сондықтан, өнердің осы түрін дінтану, тарихтану, әдебиеттану ғылымдары тұрғысынан және бір-бірінен ажыратпай салыстырмалы түрде зерттеп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына енгізу керек.  Алла деген зар болмас, ақтың жолы тар болмас дегендей қазақтың дәстүрлі діни танымында өскен жас ұрпақ ешқашан радикалдық топтарға бара қоймайды.  Сонымен қатар, діни экстремизмге қарсы тұратын алдын-алу жұмыстарының бірі. Рухани тәжірибесі бай қазақ халқы тек рухани тарихты жаңғырту арқылы өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады.

Ғылым жүйесіндегі жоғарғы және орта оқу орындарында факультатив түрінде өтілетін «Дінтану негіздері» сабағын  саяси, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымы бағытындағы білім алатын барлық мамандықтарға міндетті пән ретінде міндеттеу керек.  Жастарға толыққанды мәліметтер беріліп отырса, ұлт тарихы мен рухани әлемінің тұтастығы, мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы, діни таным мен ғылыми таным арасындағы тепе-теңдігі, қазақ халқының мұсылмандық болмысы, рухани құндылықтардың терең сабақтастығы мен тамырлығы жөнінде шынайы, дұрыс түсініктер қалыптасар еді.

Қазіргі таңда дінтанушы ғалымдар мен ҚМДБ қызметкерлері тарапынан жастардың дәстүрлі діни сананы қалыптастыруына және де қазақ халқының мұсылмандық діни танымын, діни тәжірибесін ғылыми аспектімен байланыстыра отырып, көптеп айту керек. Болашақта біздің ортақ мақсатымыз – ұлттық рухымызды жаңғыртып, о бастағы рухани қайнар көздерімізге қайта оралып, ұлттық идеологиямызды қалыптастыруда жатыр. Оған бірнеше ұсыныстар қосуға болады:

-  ұлттық, тарихи, мәдени ерекшеліктерді ескере отырып қазақ халқының тарихындағы дәстүрлі мұсылмандық білім берудің орны мен рөлін анықтау;

-  дін ғұламаларымен бірге муфти, ахун, мүдәрріс, қазы, хәзірет, абыз, пір, ишан, сопы, жырау және т.б. дін қайраткерлерінің қоғамдық қызметтері туралы мәліметтерді жинақтау, дәстүрлі ислам негізінде олардың өнегелік іс-әрекеттері мен қызметтерін саралау;

-  Ханафи-матуридилік мектеп ұстанымдарының қазақы діни түсініктің қалыптасуына тигізген ықпалын көрсете білу мақсатында Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш, Ақан Сері, т.б. секілді қазақ ойшылдары еңбектеріндегі көріністерінен мысалдар молынан келтіру;

-  орталық Азия мен Қазақстан аумағына ислам дінінің таралу, орнығужәне даму кезеңдерін зерделеу, ислам дінінің орнығуына негіз болған саяси, әлеуметтік, рухани факторларды саралау.

Елбасының айтқанындай: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» [6] екенін атап көрсеткендей халықтың рухын қалыптастырған алаш тұлғасы Әлихан Бөкейхановтың ой-толғамдары өскелең ұрпаққа үдгі-өнеге болуға тиіс.

«Құдайды ұлық деп ұқса...»

Неғұрлым Құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, Құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы – рақметін көріп, рақымды болмақ, мейірбандығын көріп, мейірімді болмақ... Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхаммед жолында.

«Жанкештілік болмаса...»

Бөтен кісі қазаққа еш қайдан жақсылық әкеп бермейді. Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып-жалпая бергеннен түк шықпайды, іс өнбейді. Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің. Зауыт ісі жұрттың жалпы шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы. Әр нәрсенің амалын біліп, өз орнына жұмсағанда ғана іс көркейеді. Қазаққа өз жағдайыңды өзің ойлап, өлмес қамыңды істе деп отырғанымыздың мәнісі осы...

«Тәрбиеміз кем болса...»

Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өнер-білім керек, онан да керегірегі – тәрбие. Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, қасиетіміз аз.

«Тарихын жоғалтса...»

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн тауашағына көз жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Қазақтың көбі оны шежіре деп айтады. Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады... Бұл кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

«Тізе қосып іс қылса...»

Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады. Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?! Міне, Әлихан Бөкейхан «қазаққа сөз үйретіп жатыр» деп айтады. Мен қазаққа сөз үйретпесем... Менің не керегім бар еді. Қазақ жоғалып кетеді, «бұған жер неге керек» деп оттаған дұшмандар бар. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Ол үшін осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы...

«Кім шебер болса...»

Тіршіліктегі жүйріктік – ақылда, ұсталық пен жанкештілікте... Қазақ сияқты халық байлық пен қазына мал кіндігінде деп біледі. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр. Профессор Күлешовтың жазғанына қарасақ, қазақтың қойының етіндей жер үстінде ет жоқ... Кім шебер болса, жалықпай талмай ізденсе, бірігіп-тізе қосып әдіс қылса – ғұмыр бәйгесі соныкі.

«Алла» деп іске кіріселік...

Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік – енді бүгін теңелдік! Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ! Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып шөмеледей илеу істейтін құмысқаны көрмейміз бе? ...Құдай сәтін салғай «әмин» деп қол жайып «Алла» деп іске кіріселік! [7]

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. З.Жандарбек «Ясауи жолы және қазақ қоғамы» Алматы: «Ел-шежіре», 2006ж.

2. М.Мырзахметұлы «Түркістан тараз арасы...» Астана: Білге, 2002-432 бет.

3. https://abai.kz/post/82253

4. Құдайбердиев Ш. Шығармалары /Өлеңдер, дастандар, қара сөздер/. Алматы, 1988.– 339 б.

5. «Ясауи феномені» Отбасы хрестоматиясы. Орхон баспай үйі. 2017ж.

6. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы. 2017ж.

7. Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең : халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары: 3-5 қараша 2008 ж. – Семей. – 2008. – 366 б.

 

Пікірді қалдыру


Қорғаныс коды
Жаңарту



Работает на Joomlatemplate. Designed by: joomla templates web hosting Valid XHTML and CSS.