forex trading logo

 

ОЙМАҚТЫ ОЙ:

Әбу Нәсір  әл-Фараби

Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.

 

Майқы би

Естіге айтқан ақыл сөз – шыңға тіккен тумен тең,

Ессізге айтқан ақыл сөз – құмға сіңген сумен тең.

 

Төле би Әлібекүлы

Аларды біліп, бермегеннен без,

Ел-жұрты соңына ермегеннен без,

Үйіне қонақ қонбағаннан без,

Көптің айтқанына көнбегеннен без.


mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін281
mod_vvisit_counterКеше557
mod_vvisit_counterОсы аптада2656
mod_vvisit_counterӨткен аптада3497
mod_vvisit_counterОсы айда12692
mod_vvisit_counterӨткен айда11226
mod_vvisit_counterБарлығы633843

Казир сайтта: 6
Сіздің адрес 3.226.122.74
,
Күні: 2020-02-28
Филос.ғ.к., дінтанушы Кеңшілік Тышхан: САБАҚТА СТУДЕНТТЕРГЕ ЕШҚАНДАЙ ДА УАҒЫЗ ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ

Қоғамда көпшілік дінтанулық білім мен діни білімнің ара-жігін ажырата алмайды. Сол себепті, халықтың басым бөлігі дінтанулық білімді мешіт пен медреседе ғана алуға болады деп ойлайды. Қазақстанда жоғары оқу орындарында дінтанулық білімнің қалай беріліп жатқандығы туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты, теолог – Кеңшілік Тышханұлымен сұхбаттасқан едік.

– Кеңшілік мырза, діни білім мен дінтанулық білімнің ара-жігін көп адам ажырата бермейді. Осы орайда екеуінің айырмашылығын атап өтсеңіз?

Діни білім беру дегеннің басын ашып алу керек, ол біздің еліміздің заңмаларына сәйкес, тек діни оқу орталықтарында ғана жүргізіледі. Мысалы мұсылмандық бағыттағы дін болса, ол исламға қатысты діни оқу орындарында, христиандық бағыт училище сынды орталықтарда, ал православ шіркеулерінің қасында арнайы ашылған колледждерде оқытылады.

Діни білімді тек діни мекемелер береді. Ал дінтанулық білім зайырлы сипатта болады. Мектептерде, колледждер мен университеттерде дінтану пәндері бар, сонымен қатар таза осы мамандықты оқытатын университтер де бар.

– Жоғары оқу орындарындағы, дінтану мамандығы аясында оқылатын пәндердің ішінде зайырлы пәндердің пайыздық өлшемі қандай?

Жалпы пәндерді жүз пайыз зайырлы сипатта оқытамыз. Бізде ислам теологиясы деген пән бар, сол пәнде ислам теологиясын зайырлық сипатта түсіндіреміз. «Құрантану» деген пән бар, құранды ғылыми концепциялар тұрғысынан талдаймыз. Библиятану деген пән бар, онда библияға маманның көзқарасы тұрғысынан қараймыз. Яғни кез-келген діннің теологиясын, ағымдарын қараған кезде біз оны зайырлы сипатта талдаймыз, түсіндіреміз. Бірақ студенттердің қай дінді ұстанатындарына кедергі келтіріп, уағыз жүргізбейміз. Әркімнің заңды құқы бар дегендей. Бұл жерде біз студенттерді намаз оқуға, отыз күн ораза ұстап, исламның парыздарын ұстауға үйретпейміз. Барлығы зайырлы сипатта.

– Бұрындары дінтанулық білім берумен маман жетіспеушілігіне байланысты философтар айналысты, ал бүгінде аталған салада кәсіби мамандар құрамы жеткілікті ме?

Мен 1997 жылы ашылған Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2001 жылғы түлегімін. Сол ашылған кезде бұл қажеттіліктің орнын дін — философияның бір зерттеу тақырыбы болғаны үшін, сондай-ақ аталған салада мамандардың аздығына байланысты философтар толтырды. Бірақ дінтанудың ішінде арнайы пәндер бар, қазір оны философтар жүргізе алады деп ойламаймын. Қазір таза дінтануға қажетті пәндерді оқытып жатырмыз. Оның ішінде араб тіліне басымдық береміз. Себебі мамандар теологиялық, сараптамалық қызметті атқарады. Дінтану сараптамасы деген пән бар, қазір әртүрлі діни бірлестіктердің діни әдебиеттеріне министрлік деңгейінде сараптама жасайды. Оның бәрін философияны бітіріп келген маман істей алмайды. Сондықтан арнайы мамандар әлі де қажет.

Қазір аталған салада өз білімін дамытып жатқан түлектер баршылық. Бүгінгі таңда  кафедраның атынан 6 ғылым докторы Түркияда оқып жатыр, бір адам Иранда докторлықты оқып жатыр, екі жігіт Ираннан магистратураны оқып келді. Сондықтан біз осы мемлекеттермен де байланыс орната отырып, дінтану саласын жоғары білімді, академиялық, ғылыми дәрежелеі бар кадрлармен қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз.

– Дінтану мамандығына түлектер шығармашылық емтихан арқылы өтетін болғандықтан, аталған салаға көбінде ҰБТ-дан аз балла жинаған түлектер келіп жатады дегенді жиі естимін. Әлі де бұл салаға кездейсоқ келетіндердің саны көп пе?

Бұрынғымен салыстырғанда талапкерлер жалпы дінтану саласының не екенін түсініп, қандай қызмет атқаратынын біліп қалды. Бұрын бізді діни қызметкерлер, имамдармен шатастыратын. Кейбіреулер: «Мешітке имам боласыңдар ма?», — деп сұрайтын. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Дін істері комитеті бар, жергілікті жерлерде Дін істері басқармалары бар, Діни проблемаларды зерттеу орталықтары, экстремизм мен терроризм мәселелерін қарайтын орталықтар бар.

– ЕҰУ-не түсу үшін абитуриент ҰБТ-дан және шығармашылық емтиханнан өтеді, ал Нұр-Мүбаракта тек шығармашылық емтихан ғана тапсырады. Бұл қаншалықты әділетті таңдау, білім саласындағы стандарттар барлығына ортақ болу керек емес пе?

Нұр-Мүбарак мемлекеттік университет болмағаннан кейін, оның өзінің заң-жарғылары бар. Бірақ ол да ғылым және білім министрлігіне қарайды, олар да аттестациядан өтеді. Өйткені білім беру саласы болғандықтан ол жердегі талаптар ортақ болуы керек, бірақ қабылдауға қатысты кейбір мәселелер бар. Шығармашылық емтихан деген дүниенің өзі осы мамандыққа тән қасиет. Себебі ертең имам болатын адамның тұлғасы, түр-сипаты қандай болу керек екенін білуі тиіс. Айтып отырғаныңыздың жаны бар. Шығармашылық емтиханның бір кемшілік тұсы, аймақтардан абитуриенттер келе алмайды. Атырауда тұратын студент дінтануға оқығысы келеді, бірақ шығармашылық емтихан үшін елордаға келмейді. Келмеген соң жалпы конкурсқа қатыса алмайды. Сондықтан, бұл шығармашылық емтиханды қабылдағанның өзінде, осындай бір талаптар назарға алынбаған.

Менің жеке көзқарасым, мемлекеттік конкурспен кез-келген аймақтан, кез-келген талапкер оқуға түсе алуы керек. Бұл жалпыға ортақ конкурс негізінде қабылдануы керек және мұны министрлікке де жеткізуіміз керек. Бәлкім, келесі оқу жылынан бастап жалпылама конкурс арқылы қабылдауды қолға алу керек шығармыз.

– Осы саладағы діни әдебиеттер, кітаптар, әдістемелер бірізді жүйеге келген бе?

Жоқ, жаңа мен атап өткендей, алты университет өзінің шама–шарқынша, кадр деңгейіне байланысты күн көріп жатыр. Кейбір әдебиеттер ортақ шығып, құндылығымызға жарап жатқан кітаптар бар. ҚазҰУ-ден, Нұр-Мүбарактан, біздің ЕҰУ-нен шығып жатқан кітаптарды өзара алмастырып, пайдалана аламыз. Бірақ дінтану саласында барлық кітаптар шыққан және толық оқулықпен қамтамасыз етілген деп айта алмаймыз. Көбінесе біз шетел әдебиеттерін, шет тілдеріндегі кітаптарды өзіміз аударып, пайдаланып жатқан жайымыз бар. Дін социологиясы, дін психологиясы, діндер тарихына қатысты бірізді, оқулық деңгейіндегі толыққанды оқулықтар қазақ тілінде тапшы. Орыс тіліндегі топтарда бұл қажеттілікті Ресейде шыққан кітаптар арқылы жабамыз, ал қазақ тілінде жоқтың қасы. Сондықтан жүйелі бір мамандардың басын қосып, жүйелі тапсырма беріп немесе министрлік деңгейінде бұл мәселенің түйінін шешуге болады деп ойлаймын.

– Оңалту саласындағы жұмыстардың нәтижелі болу үшін біздің елге де дін социологы, дін психологы деген сынды салалықтарға бөлініп, халықаралық стандарттарға көшкен дұрыс шығар. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

Болашақта біз де батыс пен Еуропа елдері сынды салалыққа келеміз деп ойлаймын. Себебі бір адам бес аспап бола алмайды. Қазір психологтар бар, олар дінді білмейді. Кейбір әлеуметтанушылар діннің қоғамдағы орнын білмей жатса, дінтанушылар әлеуметтік зерттеулер жүргізе алмайды. Сондықтан өткен жылы бізге осы траекторияларды, яғни, дін психологиясы, дін социологиясы сынды бағыттарды бекітуге ұсыныс түскен. Біз соған өтінімдерді былтыр бердік, бірақ жылдың аяғына қарай үлгере алмай қалдық. Биыл сол өтінімдерді қайта берсек деп отырмыз. Осылайша халықаралық стандарттарға көшеміз.

– Дінтанулық білім беру саласында тағы да шешілмей жатқан қандай проблемалар бар?

Бізде қазір әлеуетті кадрлар бар, бірақ олар бытыраңқы жүр. Абай айтқандай, қолымда «закон қуаты бар» адам болсам, дінтану кафедраларын қосып, факультет жасап, орталыққа берер едім. Мүмкін алтау емес, бір-екі жерде қалдыру керек шығар. Сосын сол кадрларды қосып, әлдеқайда мықты мамандар дайындауға күш салу керек шығар. Жалпы кез келген ғалым белгілі бір мектептен шығады, ал мектепті қалыптастыратын ол кадрлар.

Сондықтан, біздің кадрлар бөлшектеніп, күшін ыдыратып алып отыр ма деп ойлаймын. Осы кадрлардың басы қосылмағандықтан, кітап мәселесін біз уақытында шеше алмай отырмыз. Қазір білім беру саласында бізге беріліп жатқан жүктемелердің көптігі соншалық,  ғылыммен айналысуға уақыт жоқ. Ал оқулық мәселесі үлкен уақытты қажет ететін дүние. Бір сапалы оқулық жасау үшін, сізге қаншама бос уақыт керек. Жалпы жоғары білім саласындағы саясат өзгеру керек. Оның ішінде профессорлық құрамдарды ақылы демалыстарға жіберу жолдары қарастырылып, оқытушыларға жағдай жасау керек. Ал қазір біздің уақыт таңертеңнен кешке дейін студенттермен жұмыс жасаумен өтіп жатыр. Ғылыммен айналысуға түнде отырмасаңыз, басқа кезде уақыт жоқ. Қайта-қайта басқа шаруаларға көңіл бөлінгеннен кейін, осындай қажетті жұмыстар басталып, аяқталмай жатады. Қағазбастылықты азайту туралы айтып жатыр, бірақ баяғы жартас, сол жартас. Сосын бізге әркім бастық. Қатысың болсын, болмасын сол хаттарға жауап берумен айналысамыз. Ғылым еркін болу керек, біз Еуропадағы ғалымдар деңгейіндегі талаптарды сұрай алмайтынымыз анық. Бірақ сол деңгейге жетпесек те, соған ұқсайтындай жағдайға жетсек. Кабинеттер жоқ, жеке компыютер жоқ, отыратын орын жетіспейді. Сондықтан, айта берсек, мұның бәрі проблема. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайы шешілмеген, менің өзім 20 жыл болды пәтер жалдап жүрмін. Ал менен қандай ғалым шығады?!

Айта кететіні, 2019 жылдың II кварталындағы мәліметтерге орай, Қазақстанда дінтанулық білім беретін 17 оқу мекемесі бар. Ислам бағытындағылардың жалпы саны – 15 құрайды.  Атап айтар болсақ: «Нұр-Мүбарак университеті», бес медресе-колледж, төрт медресе, төрт Құран оқушыларды дайындау орталығы, сондай-ақ,  ҚМДБ-ға қарасты «Имамдардың кәсібилігін арттыру институты» бар. Христиандық бағытта екі оқу орны, ол – «Алматы православтық рухани семинариясы» және Қарағандыдағы «Мария-Ана» шіркеуі. Аталған мекемелерде азаматтар зайырлық дінтанулық білімге ие бола алады. Сонымен қатар, қосымша 5 жоғары оқу орнында «дінтану» кафедралары бар. Олар — Түркістан халықаралық қазақ-түрік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматыдағы шет тілдері университеті, сосын Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті

Сұхбаттасқан — Қалиева Айжан,

kazislam.kz

 

Пікірді қалдыру


Қорғаныс коды
Жаңарту



Работает на Joomlatemplate. Designed by: joomla templates web hosting Valid XHTML and CSS.